БҚО-ның Ақжайық ауданында «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша 480 млн. теңге несие берілді

ОРАЛ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - БҚО-ның Ақжайық ауданында өткен жылы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 743 адамға кеңес беріліп, соның 709-ымен әлеуметтік келісімшарт жасалды.

Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қай та даярлаудан өткен 10 жұмыссыз өз орнын тапты. Қазіргі таңда 61 адам кәсіби даярлаудан, 7 адам бір айлық біліктілігін арттыру курсынан өтуде. Жастар тәжірибесіне жіберілген 162 жас маманның 19-ы тұрақты жұмысқа орналасып, бұл мақсатқа 22,313 млн. теңге жұмсалды. 160 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына барып, оларға мемлекет тарапынан 23,256 млн. теңге жалақы төленді.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша ауданда 256 адамнан тұратын 80 несие серіктестігі құрылып, 480 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді. Олардың 113-і жұмыссыз, 99-ы өзін-өзі қамтып отырғандар болса, 43-і аз қамтылғандар санатынан. Несие алғандардың 195-і өз кәсібін жаңадан ашса, 60-ы бұрыннан барын кеңейтті. Берілген несиеге ауданнан тыс жерлерден 853 бас ірі қара, 4970 қой-ешкі, 241 жылқы және 80 құс сатып алынды.

Бағдрламаның үшінші бағыты бойынша әлеуеті төмен елді мекендерден 5 отбасы (22 адам) Бөрлі ауданының осы аттас ауылына көшірілді.

Төртінші бағыт бойынша 83 млн. теңгеге Қарауылтөбе ауылындағы орта мектеп күрделі жөнделіп, 28 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылды.