БҚО-ның бұрынғы спорт басқармасы басшысының ісі: Куәгерлерден 123 млн теңге өндіру көзделуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Мүсілім Оңдағановтың ісі бойынша куәгерлерден 123 млн теңге өндіру көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нығметулиннің айтуынша, жаттықтырушылар мен осы мекеменің басқа да қызметкерлерінен, барлығы 28 адамнан аталған қаржыны өндіру жөнінде сотқа талап-арыз берілген.

Бұл адамдар Оңдағановтың ісі бойынша сотқа куә ретінде қатысқанымен, өздерінің іс-әрекетіне өкінетіндігіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған еді. Алайда сот олардан келтірілген залалды өндіруге болатындығын айтқан еді.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2014 жылғы 17 ақпандағы үкімімен М.Оңдағанов 12 жыл, сондай-ақ Меңдіхан Жәкенов 11 жыл, Қоныс Жетпісов және Тұрарбек Бекарыстанов 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеуге сотталған еді. Оларға ұйымдасқан топ құрып, 170 млн астам теңге бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылды.

Ж.Нығметуллиннің айтуынша, сот сол кезде прокуратура мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының атына мемлекетке келтірілген залалды сотталушылардан тең көлемде өндіру жөнінде қаулы шығарған еді. Бір эпизод бойынша 123 млн теңге, екіншісі бойынша 11 млн теңге.

«Залал осы кезге дейін өндірілмегендіктен, біз бұл мәселені шешу үшін прокуратураға да, сотқа да хаттар жаздық. Содан кейін сотқа талап-арызбен жүгінуді ұйғардық. Алты жауапкерге қатысты 11 млн теңге залалды өндіруге қатысты талап-арыз берудің мерзімі өтіп кеткендіктен, ол қанағаттандырылмады. 123 млн теңгені өндіру жөніндегі талап-арыз қазір сотта қаралуда», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Жеңіс Нығметуллин.