БҚО-ның оңтүстік аудандарын сумен қамту жақсара түспек

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ресейден алынатын Еділ суына тәуелділікті азайту және облыстың оңтүстік аудандарын сумен қамтуды жақсарту мақсатында «Қазталов ауданы Ақпәтер ауылы маңындағы Қараөзенге Жайық-Көшім жүйесінен бассейнаралық суды жіберу үшін Киров-Шежін арнасын қайта жаңғырту» жобасының екінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын аяқтауға республикалық бюджеттен 60,98 млн. теңге қаралды. Қазіргі таңда құны 2 млрд. 401 млн. теңгені құрайтын жобаның үшінші кезеңі сараптамадан өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың айтуынша, аталмыш жоба 2010 жылы басталған болатын. Биыл үшінші кезеңнің құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл жоба толық жүзеге асқан кезде Қараөзен мен Сарыөзенді толтыру үшін жыл сайын Ресейден ақылы түрде алынатын 107 млн. текше метр суды 20 млн. текше метрге дейін кемітуге мүмкіндік туады. Еділ суына тәуелділік азайып, жыл сайын 305 млн. теңге үнемделеді. Мұның 36 мыңнан астам тұрғыны, 354 мың бас малы бар қос аудан үшін маңызы зор.

Оған қоса биыл су шаруашылығы нысандарының құрылыс-монтаж жұмыстарына облыстық бюджеттен 288,4 млн. теңге қаралды. Атап айтқанда, Сырым ауданында жобалық құны 107,8 млн. теңгені құрайтын, 2354 га жайылымды суаруға мүмкіндік беретін Өлеңті суару жүйесін қалпына келтіру және Тоғанас ауылында Шолақаңқаты су қоймасын 103,4 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделуде. Сонымен қатар Теректі ауданында Жайық өзенінің сол жағалауын сумен қамту мақсатында жобалық құны 133,5 млн. теңге болатын Жайық-Шалқар арнасының қалқымалы сорғы стансасына су бөгетін салуға 20 млн. теңге, Зеленов ауданы Переметный ауылындағы Деркөл өзеніне гидротехникалық имараттар (жобалық құны 70,73 млн. теңге) құрылысына 36 млн., Жәнібек ауданында 1830 га жерді суаруға мүмкіндік беретін Әбділман және Соркөл жайылымдарын қайта құрылымдауға (құны 409,1 млн. теңге) 63,7 млн. теңге берілді.

«Осы жылға жоспарланған шаралар түгел жүзеге асқан кезде 63 803 га жайылмалы және 11 603 га тұрақты суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Елбасымыздың 2017-2021 жылдар аралығында республика бойынша 600 мың га суармалы жерлерді қолданысқа енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес халықаралық қаржы ұйымдары есебінен өңірде 120 299 га жайылмалы және  25 492 га тұрақты суармалы жерді қалпына келтіру жоспарлануда», -деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Арман Өтеғұлов.