ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының шалғай аудандарында шағын әуежай салу ойластырылуда. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Өңір басшысының айтуынша, Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарында шағын әуежай салу үшін техникалық-экономикалық сараптама жұмыстары жасалады. Үш ауданда 50 мыңдай халық тұрады. Сондықтан тұрғындар үшін әуе қатынасы өте қолайлы болар еді. Бұл ретте Үкімет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Аталған үш ауданға қатқыл табанды жол әлі күнге дейін тартылмаған. Бұл бағытта қолға алынған жұмыстар нәтижесінде алдымен Қазталов ауданы орталығына асфальт жол жетпекші.
Жол қиындығы аудан әкімдерінің биылғы тұрғындармен есептік кездесуінде де көтерілді.
Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандары әкімдерінің есептік кездесулеріне қатысқан Алтай Көлгінов өңірдегі өзекті мәселелердің біртіндеп шешілетінін жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).