Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бәтима Кентоғаеваның айтуынша, «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» 1-бағыты бойынша 67 адам «Іс жүргізуші», «Классикалық массаж», «Дербес компьютер операторы» мамандықтары бойынша Орал қаласына оқуға жолданды.
Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2-бағыты бойынша ауданда өз кәсібін ашып, оны дамыту мақсатында несие алуға тілек білдірген азаматтардың тізімі жасалды. Мұнда негізінен мал шаруашылығы, соның ішінде ірі қараның сүтті, етті тұқымдары мен жылқы, құс шаруашылығын дамыту, сондай-ақ наубайхана ашу, жарнама желісін кеңейтуге басымдық берілуде. Бұл бағытта несие алуға ниеттенген 26 адамға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ға, тағы бес кісіге «Тасқала» несие серіктестігіне жолдама берілді. Күні бүгін екі адам «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 11,6 млн. теңгеге қол жеткізді.
Бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» 3-бағыты бойынша 85 адамға әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін республикалық және аудандық бюджеттен қаражат бөлінді. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 43 жұмыс берушімен келісімшарт жасалып, 84 адам жұмысқа жіберілді. Олардың 14-і жастар болса, 16-сы - аз қамтылған отбасыдан. Сондай-ақ 47 маманды жастар тәжірибесімен қамту үшін республикалық және аудандық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, бұл жұмыс та 100 пайызға орындалды. 21 жұмыс берушімен келісімшарт жасалып, 35 жас маман алғашқы тәжірибе алу үшін алты ай мерзімге жұмысқа жолданды. Ақылы қоғамдық жұмысты ұйымдастыру үшін аудандық бюджет есебінен 405 адамға қаржы толықтай берілді. Күні бүгін 283 адам қоғамдық жұмысқа тартылды.
«Жалпы, жыл басында халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бекітілген болатын. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы - 2020», «Нұрлы жол», «Өңірді дамыту» бағдарламалары бойынша биыл 999 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, қазірдің өзінде 800-ге жуық, нақтырақ айтқанда 751 адам жұмысқа тартылып, жоспар 75,2 пайызға орындалып отыр. Биыл жұмысқа орналасу мәселесімен 555 адам жолықса, соның 146-сы - жастар, 118-і - жұмыс іздеушілер, 97-сі - аз қамтылғандар. Жұмысқа 454 адамды жолдау көзделсе, жеті ай ішінде 396 адам жіберілді. Соның 129-ы тұрақты жұмысқа орналасып, жоспар 71,1 пайызға орындалды. Халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар бұдан кейін де жалғасады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Б.Кентоғаева.