БҚО-ның Тасқала ауданында карантиндік және провизорлық стационарлар ашылды
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың брифингте мәлім еткеніндей, бұл стационарға Ресейден келіп, «Тасқала» автоөткеліндегі карантиндік-стационарлық бекеттен өткендер жатқызылады.
«Егер келген адамдардан ешқандай ауру белгісі байқалмаған жағдайда ол карантиндік стационарға орналастырылады. Содан кейін осында коронавирустың бар-жоғын анықтау үшін зертханалық сынама алынады. Коронавирусқа шалдықса, жедел жәрдеммен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, ал сау болып шықса, қалған 12 күнге үй карантиніне оқшаулануға жіберіледі. Ал дене қызуы көтерілгендер немесе жөтелі барлар провизорлық стационарға жатқызылады. Мұнда да сынама алынып, тиісті шара қабылданады. Егер коронавирус жұқтырмаса, осында толық емделіп, үйіне жіберіледі», деді Н.Мұстаев.
Соңғы кезде Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандардың көпшілігі осы «Тасқала» бекетінен өтіп жатқаны белгілі.
Мысалы, бұған дейін хабарлағанымыздай, 19 сәуір күнгі сағат 23.10-дағы мәліметке сәйкес Қазақстанда жаңадан 35 жағдай тіркелсе, соның 16-сы Батыс Қазақстан облысының үлесіне тиеді.
16 адамның 14-і Саратов облысымен шекарадағы «Тасқала», қалған екеуі Самарамен шектесетін «Сырым» бекеті арқылы келген.
Қазіргі таңда БҚО-да ауру жұқтырғандар саны 63-ке жетіп, соның екеуі жазылып шықты. Ауырғандардың 55-і – шеттен, соның ішінде 54-і – Ресейден келгендер.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы тіркелген жеті науқастың Ресейден келгенін жазған болатынбыз.