БҚО-ның Тасқала ауданында зардап шеккендерге көмек көрсетілуде

None
ОРАЛ. 26 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Тасқала ауданында табиғи апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек үздіксіз көрсетілуде.

Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиеваның мәлімдеуінше, аудан тұрғындары мен еңбек ұжымдары 1 млн. 156 мың теңге қаражат жинап, 282 адамды ыстық тамақпен қамтамасыз еткен және 288 оқушыға киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алып берген екен. «Елордадан Батысқа» атты керуенмен Астанадан Орал қаласына келіп жеткен гуманитарлық жүктің бір бөлігі, нақтырақ айтсақ 4,5 тоннасы 21-ші сәуір күні Тасқалаға жеткізілді. Желаев астық қабылдау кәсіпорны 72 отбасыға 2600 тонна астықты тегін таратып берсе, өткен жексенбі күні Ақтөбе облысынан кезекті көмек тиелген жүк көлігі келіп жетті. Оның 1200 тоннасы азық-түлік, ал 2,5 тонна киім-кешек пен дәрі-дәрмектер.

Бүгінгі таңда ауданда тасқын судан жапа шеккен 230 отбасы қамқорлыққа алынған.