ОРАЛ. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Теректі ауданының елді мекендерінде тұрғын үйлерді газбен жабдықтау жұмыстары жалғасуда.
Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда аудандағы барлық 51 елді мекеннің 21-іне көгілдір отын жеткізілген. Осы газ жеткен елді мекендердегі барлық 6760 ауланың 4126-сы көгілдір отынның қызығын көруде.
"Соңғы мәліметтер бойынша Подстепный ауылдық округі жеке секторларының 82,7 пайызы, Федоров ауылдық округіндегі тұрғын үйлердің 66,1 пайызы, Шаған ауылдық округінің 53,9 пайызы, Ақжайық ауылдық округінің 36,7 пайызы, Шалқар ауылдық округінің 41,5 пайызы, Ақсуат ауылдық округінің 40,1 пайызы газбен қамтылды. Сонымен қатар Покатилов, Ақсоғым ауылдық округіне қарасты Үлкен Еңбек ауылдарында газ жүргізу жұмыстары жалғасуда", - деді бөлім бастығы Қайрат Жапақов.
Ауылдарды газбен жабдықтау жұмысын «Виаст», «Нұржан», «Е.Исмурзин», «Марданов» және басқа ЖШС атқаруда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).