БҚО-ның Жергілікті полиция қызметінің басшысы көршісінің мазасын алған ішімдікке құмар қала тұрғынын тәртіпке шақырды (ФОТО)

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин Орал қаласына қарасты Деркөл кентінде болып, тұрғындармен кездесті.

БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, азаматтарды қабылдау учаскелік полиция бекетінде ұйымдастырылды. Кешкі мезгілге қарамастан, келушілер аз болған жоқ. Бірі абаттандыру мәселесін қозғаса, екіншілері қоғамдық жасақтарды ұйымдастыру, жастар тәрбиесі, пәтерлердің жай-күйін тілге тиек етті.

М.Ғабдуллин өтініштердің бәрін зейін қоя тыңдап, сол бойда шешім алуға тырысты. Мысалы, зейнеткер Федор Семенихин тәртіпсіз көршісінің қылығына шағымданды. М.Ғабдуллин бұл тұрғынмен жеке танысуды жөн көрді. Ішімдік ішуді жақсы көретін 50 жасар тұрғын есікті ашқанда, полиция полковнигі мен оның орынбасарлары кіріп келгенін көргенде, абдырап қалды. Қатаң «сөгістен» кейін әлгі ер адам енді ішпеуге, көршісін мазаламауға уәде берді.

«Халық полицияға сенуі, оның жұмыс жасап жатқанын көруі тиіс. Сондықтан азаматтарды қабылдау апта сайын жүргізілетін болады. Мен өзім азаматтарды қабылдап, олардың мұндай қадамға неліктен барып отырғанын анықтап, учаскелік инспекторлардан талап ететін боламын. Әрине, учаскелік инспекторлардың жұмысы көп, бірақ олар бәріне үлгеруі тиіс. Ең бастысы, халыққа жақын болса, қылмыс азайып, оны ашу деңгейі жақсарады», деді М.Ғабдуллин.