БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Ақжайық аудандық сотының тергеу судьясы Әмірхан Куликешев төрағалық еткен сот отырысында 1994 жылғы С. есімді күдіктіні күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Сот отырысында белгілі болғанындай, С. БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің бұйрығына сәйкес 2016 жылы 15 сәуірде 2-полиция батальонына (Ақжайық ауданы) С-SV-12 санаты бойынша полицейі лауазымына тағайындалған.
Биылғы 6 қыркүйек күні сағат 16.30 шамасында С. аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратына келіп, кезекшілікке тұру үшін өзіне бекітілген ПМ-9 қызметтік тапаншасын екі оқшантайымен бірге алған.
Ол осы кезде кезекшілікке тұратын қызметкерлерді таратуға келген взвод командирі, полиция капитаны, 1986 жылғы Р-мен жұмыс барысында сөзге келген. Соның салдарынан С. аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының алдыңғы есігінен шығып, баспалдақпен түсіп, кетіп бара жатқан Р-ның артынан 7 мәрте оқ атып, қасақана қазаға ұшыратқан.
Күдікті 16.40-та ұсталып, ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын полиция қызметкерінің взвод командирін атып өлтіргенін жазған болатынбыз.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жалғасуда.