БҚО өзендерінде мұз жару жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр

Фото: Ғайсағали Сейтақ

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы аумағындағы өзендерде мұз жару жұмыстары басталды. 

БҚО жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Әлібек Ташимовтің мәлім еткеніндей, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне сәйкес өңірде наурыз айының екінші онкүндігінде күн жылиды деп болжанып отыр.

Фото: Ғайсағали Сейтақ

Әлібек Қазиханұлының сөзіне қарағанда, мұз кептелістерінің пайда болуының алдын алу және су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында өңірдің су айдындарында мұзды жару және ұсақтау жұмыстарын жүргізу көзделген. 

– Облыс бойынша жалпы көлемі 47 мың шаршы метр 83 мұз жару учаскесі айқындалды. Батыс Қазақстан облысы аумағындағы өзендердің қауіпті бөліктерінде мұзды қопсыту, ұсақтау және мұз кептелістерін жоюға бағытталған жарылыс жұмыстарының кестесі бекітілді. Мұз жару жұмыстары бекітілген іс-қимыл алгоритміне сәйкес жүргізіледі. Аталған шараларды жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 184 млн теңге қаражат бөлінді. Конкурстық жұмыстар жүргізіліп, мердігер ұйым ретінде шығысқазақстандық «Normal Work» ЖШС анықталды, - дейді Ә.Ташимов. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ

Оның айтуынша, бүгін Орал қаласында Шаған мен Деркөлдің қиылысында, Жәнібек ауданында Жақсыбай, Бәйтеректе Быковка, Рубежка өзендерінде мұз жару басталды. Бұл жұмыстар он күнге созылады. Мұның басым көпшілігі Шаған, Деркөл және Шыңғырлау өзендерінде атқарылады. Тұрғындардың бұған түсіністікпен қарап, жарылыс жүргізілетін орындарға жақындамауы қажет.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Батыс Қазақстанда мұз жарумен арнайы айналысатын компания жоқ. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін мекемелермен келіссөз жүргізілгенімен, олар мұз жаруға келіспеген. 

«Normal Work» ЖШС жарушысы Руслан Омаров Өскемен қаласынан үш бригада құрамында 12 адам келгенін жеткізді. 

– Жарылғыш заттар арнайы жасақталған автокөлікпен (жылжымалы қойма) жеткізіледі. Күзетшіге қоса арнайы жүргізуші, жарушы болады. Біз қолданып жүрген материалдардың бәрі өздігінен жарылмайды. Жұмыс арнайы технологиямен ғана атқарылады. Компания 2010 жылы құрылғаннан бері Қазақстанда жарылыс жұмыстарымен айналысып келеді. Оралға бірінші рет аяқ басып тұрмыз, - деді Р.Омаров.

Фото: Ғайсағали Сейтақ

БҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұралы Мүсиев облыс аумағында «Су тасқыны — 2026» айлығы барысында елді мекендерден қар шығару, каналдарды, су өткізетін құбырларды тазалау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты. 

– Қазіргі таңда тұрғындармен ауладағы қарды шығару жөнінде түсіндіру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Қарды уақытылы шығармаса, ол еріп, ауланы су басуы ықтимал. Осы ретте ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алдымен ескерту беріледі, қайталанған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жалпы, облыста қауіп жоқ деп айтуға ерте. Бәрі де ауа райына, қардың еруіне байланысты. «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының наурыз айының басындағы мәліметіне қарағанда, облыс өзендерінде мұздың қалыңдығы 18-60 см, бұл өткен жылғыдан төмен, - деп қосты Н.Мүсиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда су тасқынынан келер қауіп қандай екенін жазғанбыз.

Су тасқынына дайындық барысында БҚО-ның бірқатар ауданында техникалар саны сәйкес болмай отыр