ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы түрмеде жазасын өтеушінің өліміне қатысты қылмыстық іс ерекше бақылауға алынды.
Бұл туралы БҚО прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Прокуратураның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, РУ 170/2 түзету мекемесінде жазасын өтеп жүрген Владислав Погодаев Орал қалалық көпбейінді ауруханасына түскеннен кейін 31 мамыр күні көз жұмған.
Сол күні В.Погодаевтың қайтыс болу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қаза болу себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Мұның алдында жиырма жасар марқұм Владиславтың анасы Надежда Погодаева БАҚ арқылы түрмеде баласының ем алуына қажетті жағдайдың жасалмағаны, тіпті оны түрме қызметкерінің соққаны жөнінде мәлімдеме жасаған болатын. Осыған байланысты облыс прокуроры Н.Погодаеваның барлық уәждерін, аталмыш мекемедегі медициналық қызмет сапасын тексеру туралы арнайы прокурорға тапсырма берді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).