ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Ресей-Қазақстан шекарасында жүк көліктерінің кептелісі пайда болды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі БҚО бойынша департаментінен мәлім еткеніндей, Ресей Федерациясының Орынбор облысы бойынша Шекара ведомствосының ресми ақпаратына сәйкес «Маштаков» халықаралық автомобиль өткізу бекетінде (бұған жалғас Қазақстан жағында «Сырым» өткізу бекеті орналасқан) 29 сәуірден 18 мамырға дейін шекаралық бақылауда техникалық құралдарға қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
«Осы кезеңде «Маштаков» бекеті арқылы жүк көліктерінің өтуі уақытша қиындайды. «Маштаков» және «Сырым» бекеттерінің өткізу қабілеті елеулі түрде төмендейді. Осыған байланысты жүргізушілерге балама бағытпен, атап айтқанда, «Ақсай», «Шаған» және «Тасқала» автомобиль өткізу бекеттері арқылы мемлекеттік шекарадан өту ұсынылады», деп хабарлады ведомстводан.
Жүк көліктері жүргізушілерінің сөзіне қарағанда, Ресейден Қазақстан жағына қарай өтетін жерде кезек көп. Жүк көліктері шекарадан жай өтуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).