ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық құтқарушылар Шалқар көлінде төрт адамды қатерден аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Батыс Қазақстан облыстық ТЖД-ның жедел құтқару жасағынан келіп түскен мәліметке қарағанда, оқиға 14 тамыз күні орын алды.
Оқиға былайша өрбіген. Шалқар көліне демалуға келгендердің ішінен үш адам үрлемелі матрасқа мінген. Жел матрастағыларды жағалаудан 2 шақырымға дейін ұзатып алып кеткен. Оларды көріп, төртінші адам - жас жігіт арттарынан жүзіп шыққан. Алайда біраз жүзген ол шаршап қалып, оның өзіне көмек керек болған.
Көлде кезекшілік етіп жүрген жедел құтқару жасағы №5 құтқару бөлімшесінің құтқарушылары Темірболат Уахитов пен Олег Никифоров төрт адамды катерге отырғызып, жағаға алып шыққаннан кейін оларға қауіпсіздік ережесін түсіндірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).