ОРАЛ. ҚазАқпарат - 15 наурыз күні «Жәнібек» автокөлік өткізу бекетінде Элиста қаласынан БҚО-ның Жәнібек ауданына бет алған мемлекеттік нөмірі «Е916ВВ08» жүк көлігін тексеру барысында оның ішінен травматикалық тапанша мен екі оқшантайы және 14 дана оқ шыққан.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2036-әскери бөліміне қарасты Жәнібек шекара бақылау бөлімшесінің бастығы, майор Нұрзат Атабаевтың мәліметіне қарағанда, аға сержант Төлеу Халелов пен сержант Мерхат Молдағалиевтің қырағылық көрсетуі нәтижесінде ҚР ҚК 287-бабына сәйкес (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) Ресей Федерациясы Элиста қаласының 1963 жылғы тұрғыны Ради Монкилов ұсталған.
Қазіргі кезде ресейлік азамат Р.Монкиловтің ісі аудандық ішкі істер бөліміне беріліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).