БҚО шекарасынан құжатсыз 5 тонна шошқа еті өткізілмек болды

Фото: Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Федерациясынан шошқа етін заңсыз әкелу әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті.

«Сырым» ветеринариялық бақылау-өткізу пунктінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлескен тексеру барысында Ресей Федерациясының Белгород облысынан Қазақстан Республикасының Алматы қаласына бағытталған DAF маркалы жүк көлігі тоқтатылды. Тексеру нәтижесінде 5 тонна шошқа еті ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз заңсыз тасымалданғаны анықталды.

— Ветеринариялық-санитариялық заңнама талаптарының бұзылуына байланысты жүк көлігі кері қайтарылды. Ал жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, — делінген комитет таратқан ақпаратта.

Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысы аумағындағы ветеринариялық бақылау пункттерінде 129 құқықбұзушылық тіркелді. 129 автокөлік ел аумағынан шығарылып, 76 тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 6 448 480 теңгені құрады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мемлекеттік шекара арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын, жануар тектес өнімдер мен шикізатты тасымалдау кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін еске салады.

Бұдан бұрын Түркияда шошқа етіне қатысты заңбұзушылықтар тіркелгенін жазғанбыз.