БҚО: Шыңғырлау ауданында «Болашақ» балабақшасы пайдалануға берілді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шыңғырлау ауданы орталығы Шыңғырлау ауылында 290 орындық «Болашақ» балабақша-бөбекжайы пайдалануға берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».


Оның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, тәуелсіздіктің 25 жылдық тойын еліміз үлкен табыстармен қарсы алғалы отыр. Осынау мерейтой қарсаңында өңірлерде де жаңа нысандар іске қосылуда. «Болашақ» балабақшасы - соның бірі. Бұл - Елбасымыз бен мемлекеттің жеткіншек ұрпаққа жасап отырған қамқорлығының жарқын көрінісі.

Балабақшаға облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан компьютерлік сынып сыйға тартылды.
 

Нысанды сапалы салып бітірген «Алтим» ЖШС директоры Геннадий Стародубцев Елбасы тапсырмасының орындалуына қолдау көрсеткен облыс, аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, жаңа балабақша-бөбекжай меңгерушісі Бибігүл Қияқбаеваға бейнелі кілтті табыс етті.

Салтанатқа қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткеніндей, аталған нысан «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес негізінен Ұлттық қор қаржысына салынды. Оған республикалық (279,658 млн. теңге) және жергілікті бюджеттен барлығы 324,658 млн. теңге жұмсалды.
 

Қазіргі заманғы талаптарға сәйкес салынған, аудан орталығына көрік қосып тұрған, іші-сырты бірдей келіскен қос қабатты сәулетті ғимарат жиһаз, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген әрі әдемі безендірілген. Ата-аналар мен балдырғандарға қолайлы болуы үшін үш жағынан кіретін есік бар. Мұнда сексен адам жұмысқа тартылса, соның тең жартысынан астамы - жастар.

Сөйтіп, аудан орталығында балабақшадағы орын тапшылығы жойылды.