Мемлекеттік айыптау тарабының мәліметіне сәйкес ұйымдасқан қылмыстық топқа БҚО самбо федерациясының төрағасы Талғат Шайхиев басшылық еткен. Сондай-ақ Батыргерей Бисенғалиев, Асланбек Ихласов, Алтынбек Сүлейменов, Сабыржан Балмұхамбетов, Дәурен Бекмулдин, Еламан Ермекқали және Жұмағұловқа Қылмыстық істің бірнеше бабы бойынша айып тағылды.
Прокурор Досбол Жұмановтың сөзіне қарағанда, 2006 жылы жазасын өтеп шыққан Т.Шайхиев тиісті қорытынды шығармай, қайтадан қылмысқа барған. Спортшылар ортасындағы беделін пайдалана отырып, қала кәсіпкерлерін қорқытып, табыс табуға бел буған.
Шайхиев 2021 жылы қылмыстық топ құрып, оның мүшелерін қару-жарақ, оқ-дәрімен, автокөлік, байланыс құралдары, құжаттармен қамтамасыз еткен. Топты «Шайхиевские» деп атап, оған өзі басшылық еткен. Оның құрамына Шайхиевтің сенімді адамдары – Бисенғалиев, Ихласов, Балмұхамбетов, Бекмулдин, Сүлейменов және Ермекқали енген. Қылмыстық жолмен тапқан пайданы топ басшысы өз қалауынша бөлген. Сондай-ақ ол топтың іс-әрекетін, кек алу, қорқытуды жоспарлаған.
Айыптау тарабының мәліметі бойынша Бисенғалиев Шайхиевтің көмекшісі болған. Оның міндетіне топтың жаңа мүшелерін және құрбандықтарды іздеу, Шайхиевтің тапсырмаларының орындалуын бақылау, қылмысқа дайындалу, «шефтің» бұйрығын орындау кірген. Ихласов, Сүлейменов, Ермекқали, Балмұхамбетов және Бекмулдин топқа белсенді қатысқан.
Алғашқы қылмыс 2021 жылдың қарашасында жасалған. Жөндеу зауыты ауданында бос қалған базада екі ер адам соққыға жығылған. Ұйымдасқан топ мүшелері ұрып-соғу кезінде жәбірленушілердің қолын байлау, басына қап кигізу, бас бостандығынан айыру сияқты тәсілдерді қолданып, қорқытқан. Мұндай қылмыстар 2025 жылға дейін жалғасқан. Көптеген эпизодтарда жәбірленушілер ретінде «Аяжан» сауда үйінің иесі мен өкілдері аталады.
Сотталушыларға барлығы 14 эпизод бойынша айып тағылып отыр. Бұл ретте қылмыстық топ ақша ғана емес, Таиланд пен Вьетнамдағы шетелдік курорттарға жолдамаларды да алған. Шайхиев өзінің туған күнінде кәсіпкерден 15 млн теңге тұратын Rolex сағатын талап еткен. Кейін ойланып, 15 млн теңге талап еткен. Оны кәсіпкер үш бөліп берген. Ал ұлының үйлену тойына шашу ретінде 10 мың доллар сұраған. Бермеген жағдайда жәбірленушіге күш қолдану қаупі төнген.
Қылмыстық істі судья Райгүл Амангелдинова қарауда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан университетінің ректорына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын жазған едік.