БҚО соты мұнай компаниясынан қоршаған ортаны ластағаны үшін 600 млн. теңге өндірді
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш іс мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талапарызы бойынша қаралған. Сотта анықталғанындай, «Урал Ойл энд Газ» ЖШС ҚР Экологиялық кодексі талаптарын бұза отырып, 2013 жылы өз қызметін рұқсатсыз жүргізген. Атап айтқанда, кәсіпорын барлау ұңғымаларын бұрғылау, сондай-ақ бұрын бұрғыланғандарын сынау жұмыстарын жүргізген. Соның салдарынан газды алау түрінде жағудан 139 тонна және Рожков кенішіндегі қондырғылардан 91 тонна зиянды заттар ауаға таралған.
Сотта ЖШС өкілдері БҚО экология департаменті дәлелдерімен келіспей, өз кінәларын мойындамады. Сондай-ақ келтірілген шығынды ерікті түрде өтеу жөніндегі талапқа да мойынұсынбады.
Сот талапарызды ішінара қанағаттандырып, аталмыш компаниядан 600 млн. теңге өндірді.