ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының 17 желтоқсандағы қаулысымен БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тимур Шаяхметов екі ай мерзімге қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы Орал қалалық соты мәлім етті.
Еске сала кетейік, Т.Шаяхметов пен осы басқарманың бөлім басшысы Ақжан Ишанов 14 желтоқсан күні ұсталған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро БҚО бойынша департаментінен түскен мәліметке қарағанда, 1979 жылғы Т.Шаяхметов пен 1974 жылғы А.Ишанов адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, биылғы қараша-желтоқсан айларында жүйелі түрде Орал қаласындағы спорт мектептері бапкерлерінен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге іссапар шығындарына бөлінген қаражаттың 40 пайызын, барлығы 1,520 млн. теңге көлемінде пара алған. Осы іс бойынша ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлімі 2-тармағына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).