ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен БҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің бұрынғы басшысы Валихан Разов ҚР ҚК 362-бабы 2-бөлігі (лауазымды өкілеттіліктерін асыра пайдалану) және 361-бабы 2-бөлігі (лауазымды өкілеттіліктерін теріс пайдалану) бойынша айыпты деп танылып, ҚР ҚК 58-бабы 2-бөлігі қолданыла отырып, оған мүлкін тәркілеумен бірге 3,5 мың АЕК көлемінде 6 млн. 937 мың теңге айыппұл салынды.
Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, ол сонымен қатар өмір бойына мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.
В.Разов сот залынан босатылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро В.Разовты 21 қаңтар күні ұстап, бастапқыда ол «АксайГазПромЭнерго» АҚ бас директоры А.Абзалиловтан жалпы «қамқорлық» көрсетіп, кәсіпкерлік қызметіне араласпау үшін 250 мың теңгеден астам материалдық құндылық түрінде пара алған деп хабарланған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).