БҚО: Тамыз кеңесінде олимпиада чемпионы мен жүлдегерінің ұстаздарына құрмет көрсетілді
Білім саласының табыс-жетістіктерімен қатар қат-қабат мәселелері сараланған жиынға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Гутенберг дәуірінен Цукерберг кезеңіне қадам басқан кезеңде ұстаздар қауымына артылатын жүктің салмағы еселене өскенін атап өтті. «Бұрын оқуға, жазуға, санауға үйреткен болса, жаңа заман ақпараттық коммуникациялық технологияларды меңгеруді, тіл үйренуді, қаржылық сауаттылықты игеруді талап етіп отыр», деген өңір басшысы өзінен бастап барлық деңгейдегі әкімдер бір күнді педагогтар күні ретінде белгілеп, мұғалімдер мен мектеп директорларын қабылдап тұруы керектігі туралы ұсынысын жеткізді. Ең бастысы, білім беру мекемелерінің жай-күйі туралы ашық айтылып, мәселелері кешіктірілмей шешілуі тиіс.
Бұдан кейін Алтай Көлгінов Рио олимпиадасында топ жарған Данияр Елеусінов пен қола жүлдегер Екатерина Ларионованың ұстаздарына ризашылығын білдірді. Олимпиада чемпионы, бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Д.Елеусіновтің алғашқы мұғалімі, Қазталов ауданынан келген Әсемгүл Ержанова, сондай-ақ әйелдер күресінен жүлдегер атанған Е.Ларионованы бастауыш сыныпта оқытқан Венера Калинина, палуан қыз тәрбиеленген облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт-интернатының сол кездегі директоры Валентин Каракушиев сахна төріне көтеріліп, естеліктерімен бөлісті.
Кеңесте сондай-ақ сала үздіктері Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды.