БҚО тарихи-өлкетану мұражайында көрнекті мемлекет қайраткері Ғ.Бөкейхановтың құрметіне көрме ашылды

Фото: None
ОРАЛ. 2 маусым. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында кеше көрнекті мемлекет қайраткері Ғабдолхакім Бөкейхановтың (1896-1938) 115 жылдығына орай «Азаттықты аңсаған азамат» атты көрме ашылды.

Бөкей ордасында дүниеге келген Ғ.Бөкейханов Ордада білім алып, кейін Оралдағы реалдық әскери училищесін бітірді. Мәскеудің ауыл шаруашылығы академиясында оқыған ол 1920 жылы Орынборда Қазревкомның мүшесі, ҚазОАК-тың жауапты хатшысы, 1921 жылы Ақмола, Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы болды. Орынбор мен Қызылордада, Нөкісте, Алматы мен Шымкентте басшылық қызметтер атқарды.

Ғ.Бөкейханов сондай-ақ Әбілқайыр хан әулетінен шыққан дарынды домбырашылардың бірі еді. А.Затаевичке ондаған күй мен әнді нотаға жаздырды.

Ол 1937 жылы жалған жаламен тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда «Горячев тізімі» бойынша С.Сейфуллин, Қ.Жұбанов, Т.Жүргенов сынды 39 ұлт қайраткерімен бірге атылды.

Көрмеде қайраткердің өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған.