БҚО: Тасқыннан зардап шеккендерге баспана салу жұмыстары басталып кетті

ОРАЛ. KAZINFORM – Тасқын судың беті қайтқан соң, оның зардабымен күресу, шығынды қалпына келтіру жұмыстары жүруде.

Фото: Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы әкімдігі

Подстепный ауылдық округінде зардап шеккен тұрғындарға кезең-кезеңімен көмек беру жүзеге асуда.

Қазір халыққа керегі — баспана. Әр жақта тентіреген тұрғындардың талабы да сол, тезірек баспаналы болсақ деген тілектері бар. 

Фото: Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі» деп бірқатар тапсырмалар берген болатын. Қазіргі таңда комиссия шешімімен апатты деп танылған үйлер құлатылып, орнына жаңа үй салу жұмыстары басталды. Сондай-ақ ішкі әрлеу жұмысын қажет ететін үйлер бар. Оның бәрін қалпына келтіру уақытты талап етеді.

Фото: Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы әкімдігі

Сол тапсырмаларға сәйкес Подстепный ауылдық округінде тұруға жарамсыз деп танылған 98 үй бұзылатын болды. Орнына 80 шаршы метрді құрайтын жаңа үйлер салынады. Қазіргі уақытта аталмыш ауылда құрылыс қарқын ала бастады.

Тұрғын үй салу жұмыстарын «Отделстрой», «СВС Батыс», «Атамекен Инвест», «CHRYSTAL GENERATION LTD», «ГрадИндҚұрылыс», «BETA Servicom», «Batys Kurylys Servicom» сынды бірнеше құрылыс компаниялары жүргізеді.

Фото: Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы әкімдігі

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова мердігерлермен кездесіп, тұрғын үй құрылысы барысымен танысты. Құрылыс басында болып, Подстепный ауылы тұрғандырымен тілдескен болатынбыз. Ол жандардың ішінде рақмет айтып жатқандары да, көңілі толмай, жасалып жатқан жұмыстарды жоққа шығарып жатқандары да бар. Әрине, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес.

Солардың бірі Подстепный ауылына қоныс тепкеніне жиырма жылға жуық уақыт болған Неғметолла Жалмұратовтың үйі де апатты деп танылған.

- Наурыз айының соңында тұрғын үйіміз суға кетті. Комиссия шешімімен үйді бұзып, орнына жаңа үй салып беретінін айтты. Қазір жерді тегістеп жатыр. Бір-екі күнде үй іргесі құйылады. Алла қаласа, күзде жаңа баспанамызға кіреміз деген ойымыз бар.

Қазіргі уақытта құрылыс қарқыны жақсы. Мердігерлер күзге дейін үйді толық аяқтап, кілтін табыстаймыз деп отыр.

Фото: Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы әкімдігі