БҚО театрына Хадиша Бөкееваның есімі берілмек
Сонымен қатар облыстық мәдениет және өнер орталығына ақиық ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің, Орал қаласындағы №30 орта мектепке қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың, Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мұқадес Есламғалиұлының есімдерін беру туралы ұсыныс та қолдау тапты.
«Біз енді БҚО әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімін республикалық ономастика комиссиясына жібереміз. Республикалық комиссия қолдаса, Үкімет қаулысымен аталған мекемелерге елімізге танымал тұлғалардың есімдері беріледі», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар.
Айта кетейік, сессияда 2017 жылға арналған облыстық бюджет 12,9 млрд. теңгеге ұлғайтылды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың мәлім еткеніндей, денсаулық сақтау саласына 525,3 млн. теңге (соның ішінде Зеленов, Қаратөбе, Теректі аудандарындағы 3 нысанды күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға), білім саласына 1788,4 млн. теңге (соның ішінде Ақжайық, Қазталов, Сырым, Теректі аудандарында 4 білім нысанын күрделі жөндеуге және салынып жатқан 2 білім нысанының құрылысын қоса қаржыландыруға), мәдениет саласына 548 млн. теңге (соның ішінде 5 нысанды күрделі жөндеуге), әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру саласына 151,9 млн. теңге, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласына 227 млн. теңге (соның ішінде 3 қоршаған ортаны қорғау нысандарының құрылысын бастауға және қайта құруға), газбен жабдықтауға 179,4 млн. теңге (мысалы, Қаратөбе және Сырым аудандарындағы 12 әлеуметтік нысанды газбен жабдықтауға, Жаңақала, Бөкей ордасы, Сырым аудандарында 9 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға), жолдарды жөндеуге 1189,2 млн. теңге (соның ішінде Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Қазталов, Шыңғырлау, Тасқала аудандарында ауылішілік және Орал қаласында қалаішілік автожолдарды орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға, сонымен қатар Сырым ауданының 2 ауылішілік жолдарды салуға), тұрғын үй құрылысына 2453,7 млн. теңге (соның ішінде Орал қаласында және Бөрлі ауданының Ақсай қаласында 4 несиелік тұрғын үй құрылысын аяқтауға) қаралды. Аталған өзгерістерді ескергенде, облыстық бюджет кірістер мен шығындар бойынша 124,2 млрд. теңгеге жетті.