БҚО тексеру комиссиясының жаңа төрағасы сайланды

None
ОРАЛ. 10 шілде. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 11-сессиясында депутаттар Батыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерін абаттандыру жөніндегі ережені бекітті, облыстық тексеру комиссиясының жаңа төрағасы сайланды және басқа да мәселелер қаралды. Сессияның жұмысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар «Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің осыған дейін төрағасы болған Серік Тұрсыновқа жемісті еңбегі үшін алғыс айтып, облыстық мәслихаттың алғысхатын табыс етті. Одан әрі жиналғандарға облыстық тексеру комиссиясының жаңа төрағасы Амангелді Нұғмановтың кандидатурасы таныстырылды. Депутаттар оны бірауыздан қолдады. Сессияда сондай-ақ облыстық тексеру комиссиясының мүшелері ұсынылып, бекітілді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мерген Мағутов ұсынған Батыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерін көркейтудің жаңа ережесі бекітілді. Бұл ереже бұған дейін депутаттардың әр түрлі комиссияларындағы мәжілістерде жан-жақты талқыланып, қаралған болатын.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап көрсеткеніндей, өңірдің елді мекендері көркейіп, гүлденіп, дамуы үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет. Барлық жерде тәртіп орнауы тиіс. Оған барлық батысқазақстандықтар жұмылуы керек. Қажетіне қарай ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, ең бастысы, олар азаматтардың өздері тұрған аймақтарында сақталуы керек.

Сессияда сондай-ақ облыстық мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізілді.