БҚО тілдерді дамыту басқармасына жаңа басшы тағайындалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне ротация жүргізу жоспарына сәйкес, Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысы лауазымына Айгүл Әділгерейқызы Мыңбаева тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов жаңа басшыны басқарма ұжымына таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

 

Бұған дейін БҚО білім басқармасына жетекшілік еткен А.Ә.Мыңбаева 1963 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, 1985 жылы педагогикалық институтты бітірген. 1985-2000 жылдары орта және кәсіптік білім беру мекемелерінде ұстаздық қызмет еткен Айгүл Әділгерейқызы 2000 жылдан бері БҚО білім басқармасында жетекші маманнан бастап басшы лауазымына дейн көтерілді. 37 жылдық еңбек өтілінің 17 жылын мемлекеттік қызметке арнаған ол өзін ұйымдастырушылық қабілеті мол, білікті маман ретінде көрсете білді.