ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының дәрігерлері Индер-Орал автожолындағы көлік апатынан зардап шеккендердің денсаулығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 25 қыркүйекте Ақжайық ауданында болған еді. Ішінде 5 адам болған «Chevrolet Niva» көлігі аударылып, 26 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды, төртеуі зардап шекті.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ақжайық аудандық ауруханасына жатқызылған зардап шеккендердің екеуі кеше Оралдағы қалалық көпбейінді аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесіне ауыстырылды. «Себебі жарақат алғандар ерекше күтімді қажет етеді және мамандардың бақылауында болуы керек. 23 және 46 жастағы ер адамдарды қазіргі кезде дәрігерлер отаға әзірлеуде. Қалған екі тұрғын амбулаторлық ем алуда», - деді ведомстводан.
БҚО Полиция департаментінен нақтылағанындай, қазіргі кезде осы оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).