БҚО тұрғыны автосалоннан сапасыз көлік үшін төленген 9,6 млн теңгесін қайтарып алды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында сауда қызметін реттеу саласында 144 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелді.
БҚО бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабы 1 және 2-бөлігіне сәйкес 132 іс қозғалды.
Эльмира Нұрқызының сөзіне қарағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде 15 пайыздық сауда үстемесін асырып жіберген сатушыларға 83 ескерту беріліп, 49-ына айыппұл салынды.
Сондай-ақ бағаның теңгемен көрсетілмеуі және ішкі не сыртқы витриналардағы бағадан тауар бағасының асып кетуіне байланысты кодекстің 193-бабы 4 және 5-бөлігіне сәйкес 10 әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынды.
Э.Қиматованың айтуынша, заңнамаға сәйкес департамент тұтынушылар құқығын қорғау бойынша азаматтық істерге үшінші тұлға ретінде қатысуға, сондай-ақ сотқа талап арыз жолдауға құқылы.
Биыл 18 тұтынушы жиһаз дайындау және орнату қызметін көрсететін «Модерн Плюс» ЖК-не қатысты департаментке шағым түсірді. Тұтынушылар қаражат аударғанымен, жиһаз белгіленген мерзімде жеткізілмеген, ақша қайтарылмаған. Осыған байланысты департамент тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолдады. Талаптар – тұтынушылармен келісім-шарттарды бұзу және көрсетілмеген қызмет үшін төленген ақшаны қайтару. Қазіргі кезде іс сот өндірісінде қаралуда.
- Департаментке тағы бір тұтынушы жүгінді. Ол 9 млн 690 мың теңге көлемінде банктен несие рәсімдеп, қаладағы автосалондардың бірінен көлік алған. Алайда досымен бірге көлікті тексеру кезінде радиаторда майдың ағып тұрғаны, капот болттарының үстіндегі бояудың кетуі сияқты ақаулар анықталды. Қалыңдықты өлшейтін құрылғыны қолданғанда, көліктің оң жақтағы алдыңғы есігіне қайта бояу жасалғаны белгілі болды. Ол көліктің бұрын жол апатына түскен болуы мүмкін деп күдіктеніп, тауарды қайтаруға шешім қабылдады. Департамент шағым дайындауда көмек көрсетті. Тұтынушы шағымды автосалонға апарып берді, банкке де несие келісім-шартын бұзу туралы өтініш берді. Нәтижесінде автосалонмен жасалған келісім-шарт бұзылып, банк несиесі жойылды және барлық ақша қайтарылды, - деді департамент басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұтынушы құқығын бұзған кәсіпкерге 1,5 млн астам теңге айыппұл салынғанын жазған едік.