ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында 23 жастағы жергілікті тұрғын бопсалау күдігімен ұсталды.
БҚО полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы анықтағанындай, күдікті бұрынғы қызының интимдік сипаттағы фотосуреттерін интернетке таратамын деп қорқытып, одан үш жыл бойы ақша талап еткен.
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, осы уақыт аралығында жәбірленуші 9 млн теңгесін берген. Бопсалау деректері банктік аударымдармен және мессенджердегі хат-хабарлармен дәлелденген.
- Күдікті 150 мың теңге көлеміндегі қаражатты кезекті рет алған сәтінде қылмыс үстінде ұсталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Істің тергелуі департамент басшылығының бақылауында, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғыны сот арқылы зейнетақысын қайта есептетіп алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).