БҚО тұрғыны сот арқылы зейнетақысын қайта есептетіп алды

Коллаж: Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының 65 жастағы тұрғыны бұдан екі жыл бұрын уәкілетті органға жасына байланысты зейнетақы тағайындау туралы өтінішпен жүгінген.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оған 2020 жылғы мамырдан 2023 жылғы сәуірге дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысы бойынша зейнетақы тағайындалған.

Кейін зейнеткер жұмыс берушінің 2023 жылдың сәуір-тамыз айлары аралығында БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын аударуды кешіктіргенін біліп, дереу зейнетақы мөлшерін қайта қарауға арыз жазған. 

Уәкілетті орган оған арыз берушінің өзі ерікті түрде ең қолайлы үш жылдық кезеңді таңдағанын, ол зейнетақы мөлшерін есептеу үшін негіз ретінде алынғанын түсіндіріп, одан бас тартқан.

Алайда бастапқы таңдалған кезең тағайындалған төлемнің жалпы сомасының төмендеуіне айтарлықтай әсер еткен. Бас тартумен келіспеген ер адам сотқа жүгінді.
Бірінші сатыдағы сот уәкілетті органды талап қоюшының бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге міндеттей отырып, талап арызды қанағаттандырды.

Талап қоюшы 20 жыл бойы автокөлік кәсіпорнының жүргізушісі болып үздіксіз жұмыс істеген және жасы бойынша зейнетақыны толық көлемде алуға құқығы бар. Жұмыс берушінің зейнетақы жарналарының уақтылы төленбеуіне қатысты бұзушылықтары зейнеткер-арыз берушінің құқықтарын шектеуге негіз болмауы тиіс. Арыз берушіге 2023 жылы зейнетақы тағайындау кезінде уәкілетті орган оның 2023 жылғы сәуір-тамыз айларындағы кірістері мен жарналары туралы хабардар болған, осыған байланысты қайта есептеуден бас тарту зейнеткердің заңды құқықтары мен мүдделерін шектейді.

— Арыз беруші көрсеткен 2020 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы тамызға дейінгі кезең төлемдер сомасын есептеу үшін ең қолайлы болып табылады және оны уәкілетті орган ескеруі тиіс еді. Апелляциялық шағымда уәкілетті органның ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 14-бабының талаптарын бұза отырып, талап қоюшының құқықтарын қорғауды қамтамасыз етпегені көрсетілген. Батыс Қазақстан облыстық соты бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісті. Жоғарғы сот та сот актілерін өзгеріссіз қалдырды, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 290-нан астам киік мүйізін заңсыз сақтаған тұрғынның сотталғанын жазған едік.