Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Марат Бассаровтың мәлім еткеніндей, соның 946 мыңы немесе 69 пайызы электронды түрде көрсетілген.
Оның айтуынша, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Қазақстанның тізілімінде тіркелген барлық мемлекеттік қызмет түрінің 83 пайыздан астамын көрсетуде.
Облыста жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс жасайды. Олар шалғайдағы елді мекендер тұрғындарына 31546, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып, 2693 мемлекеттік қызмет көрсеткен.
«Біз қазіргі қолданыстағы мемлекеттік қызмет түрлері мен үрдістерін ұдайы талдап, автоматтандыруға жататын қызмет түрлерін анықтаймыз. Сонымен қатар үлгі жобадағы фронт-кеңселердің дизайнын жасаймыз. 2017 жылдың 4 тоқсанында қаладағы екі бөлімнің және Теректі, Тасқала, Зеленов аудандарындағы бөлімдердің бірігуі жүзеге асырылды», - деді М.Бассаров.
Сырым және Бөкей ордасы аудандарында фронт-кеңсе арқылы қолға алынған азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша қызмет көрсету жобасы азаматтарға туу туралы куәлікті бұрынғыдай 2 жұмыс күні ішінде емес, 3 сағаттың ішінде алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ХҚКО «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп, барлық елді мекендердегі пошта тораптары арқылы құжаттарды қабылдау және дайын құжаттарды беру жобасын бастады. Оның көмегімен ауыл тұрғындары 66 мемлекеттік қызмет түрін ала алады.
Қазақстандықтар тарапынан ең көп сұраныс, қызығушылық тудырған пилоттық жоба перинаталдық орталықтарда дүниеге келген нәрестелерге композиттік қызмет көрсету болып табылады. Яғни, осы жоба аясында босанған әйелдер енді перзентханадан шықпай-ақ сәбидің туу туралы куәлігін алуға, сәбиге берілетін бір реттік жәрдемақыға құжат толтыруға, ол бір жасқа келгенше берілетін жәрдемақыға құжат толтыруға және нәрестені балабақша кезегіне қоюға мүмкіндік алады. 2017 жылы облыстағы перинаталдық орталықтарда сәбидің дүниеге келуіне орай 6072 композиттік қызмет көрсетілді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру, оларға барынша қолайлы қызмет көрсету мақсатында ХҚКО «Есту және сөйлеу қабілеттері бұзылған тұлғаларға онлайн-сурдоаударма» сервисін де іске қосты.
М.Бассаров сондай-ақ Оралда автокөлік иелері үшін арнайы қызмет көрсету орталығы салынып жатқанын, оның ашылуы биылғы жылдың бірінші тоқсанында көзделіп отырғанын жеткізді.