ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО тұрғыны шетелдік екі азаматты шекара арқылы заңсыз алып өтпек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 1977 жылғы тұрғын 1 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алған. Сол ақшаға шекара бекетін айналып өтіп, өзбекстандық екі азаматтың көші-қонын ұйымдастыруға тырысқан.
«Осы дерек бойынша ҚР ҚК 394-бабы 1-бөлігіне (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бас бостандығынан айыруға жазаланады. Мұндай деректер туралы 102, 98-45-30, 92-17-10, 92-17-50 телефондары арқылы хабарлауға болады», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да шекарадағы жағдайдың тұрақталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).