ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО тұрғыны 6 млн теңгенің автокөлігін жалға алып, бермей кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Бөрлі ауданында болды.
Бөрлі ауылының жұмыс жасамайтын 1990 жылғы тұрғыны өткен жылдың қазан айында 34 жастағы ер адамнан «Тойота Альфард» автокөлігін жалға алған.
Алайда уақыт өте келе көлікті қайтармаған. Сондықтан көлік иесі полицияға жүгінуге мәжбүр болған.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ұсталған күдікті кінәсін мойындағанымен, көлік әзірге иесіне қайтарылмаған. Келтірілген залал көлемі – 6 млн теңге.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда аса ірі көлемде есірткі тасымалдаған 19 жастағы қыздың ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).