БҚО тұрғыны А.Ғалиева 103 жаста
20:33, 23 Қаңтар 2013
ОРАЛ. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданына қарасты Шабдаржап ауылының тұрғыны Ақмәнет Ғалиева 103 жаста.
Аудан әкімі Нариман Төреғалиев ғасырдан ұзақ ғұмыр жасаған әженің үйіне арнайы барып, иығына қамзол жауып, басына ақжаулық тартты.
Жастайынан жоқшылық көрген, бірақ туралықтан, еңбектен қашпаған жан, бұл күнде баласы Есенгелді Сүйлейменовтің қолында. Немере-жиендері де баршылық. Қосағы Сүлеймен Қалешов те ұзақ жасаған. Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралған майдангер 96 жасында өмірден өтіпті. Жеті бала өсірген аяулы ананың көзі кемігенмен, көкірегі ояу, құлағы жақсы естиді. «Айналайын, балаларым, ел мерейін өсіріңдер. Еңбектерің жемісін берсін. Менің ұзақ жасауым елімнің амандығы, көңілімнің қуанышқа кенеліп жүруінен болса керек», - дейді А.Ғалиева.