ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны автокөлік аламын деп 3,1 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Оралға қарасты Зачаган кентінде тұратын 34 жастағы әйел 1991 жылғы Т. деген тұрғыннан Hyundai Accent автокөлігін 3,1 млн теңгеге сатып алған.
«Кейін автокөліктің шын иесі табылып, мүлкін кері қайтаруды талап еткен. Анықталғанындай, Т. Астана қаласында аталған автокөлікті жалға алып, сосын жалған техникалық құжатын жасап, сатып жіберген. Автокөлік қазақстандық есепте тұрғанымен, алаяқ оның техникалық құжатын армян нөміріне ауыстырған. Содан кейін жаңадан айдап әкелінген көлік ретінде сатқан. Қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, қылмысқа қатысы бар адамдар анықталу үстінде. Алаяқ табылғанымен, ол әйелге ақшасын қайтарған жоқ», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да екі жүк көлігі соқтығысып, жүргізушінің көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).