БҚО тұрғыны көпқабатты үйдің шатырында жылыжай жасап, есірткі өсірген

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны көпқабатты үйдің шатырында жылыжай жасап, қарасора өсірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Жылыжайдың иесі көпқабатты үйдің 39 жастағы тұрғыны болып шықты. Тінту кезінде қарасораға ұқсас өсімдік егілген 8 құмыра мен тыңайтқыш тәркіленді.

Жасырын бөлменің қабырғалары фольгамен, пластик материалмен қапталған, жылу, жарық және вентиляция тартылған.

Тұрғынның айтуынша, Telegram арқылы құрал-жабдықтарды, тұқымдар мен қарасораны өсіру бойынша видео-нұсқаулықты сатып алған.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген полиция хабарламасында.