БҚО тұрғыны мас күйінде көлігін соғып, 30 тәулікке қамалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тұрғын мас күйінде көлігін соқтырып қана қоймай, қамалып тынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Қазталов аудандық №2 соты азамат К-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 7-бөлігіне сәйкес қозғалған іске нүкте қойды.

Сотта анықталғандай, Жалпақтал ауылында тұратын К. бұдан бұрын да ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 6-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылып, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған. Соны біле тұра, 16 қазан күні «ВАЗ» көлігінің руліне масаң күйде отырып, Байқоңыр көшесінде қарсы бетте Н. деген азамат айдап келе жатқан «Ладамен» соқтығысуға жол берген. Соның салдарынан екі көлік те бүлінген. Мұндай жол-көлік оқиғасын бір жыл ішінде қайталап жасаған.

Сотта жауапқа тартылушы кінәсін мойындап, өкінетінін айтты.

Сот К-ны ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 7-бөлігіне сәйкес айыпты деп тауып, оны 30 тәулікке қамауға қаулы етті.

Сот қаулысы күшіне енген жоқ.