ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек ауданы тұрғыны полицияға пара бергені үшін ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожиннің мәлім еткеніндей, Дариян ауылында П. деген күдіктіге жалған құжаттар дайындамақ болғаны үшін айып тағылған.
ҚР ҚК 385-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылмау үшін аталмыш тұрғын Приурал полиция бөлімі тергеу бөлімінің бастығына келіп, 300 мың теңге және 50 АҚШ доллары көлемінде пара ұсынған.
«Аталған эпизод полиция қызметкерлерінің барлық кабинеттерінде орнатылған бейнебақылау камераларымен тіркелген. Тергеу бөлімінің бастығы оқиға туралы дереу баянат жазып, пара берушіні ұстады. Оған қатысты ҚР ҚК 367-бабына (пара беру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Б.Нұрғожин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жүк көлігі қағып кеткен жаяу жүргіншінің көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).