ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны жас жігітті пышақтап өлтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қайғылы оқиға 26 қазан күні Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында болды.
«Түнгі сағат 01.00-де 51 жастағы тұрғын Х.Есенжанов көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында аяқ астынан 1996 жылғы жігітпен сөзге келген. Содан кейін оның жүрек тұсына пышақ сұққан. Соның салдарынан 26 жастағы тұрғын аудандық орталық ауруханаға жетпестен қайтыс болды. Мүрде Орал қаласындағы мәйітханаға сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ұлы әкесін ұрып өлтіргенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда автокөлік аударылып, 18 жастағы екі жігіт көз жұмды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).