АСТАНА. ҚазАқпарат – БҚО полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Найза» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында 500-ден астам темекі блогі мен 1 тоннадан астам алкоголь өнімін тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, контрабанданы, алкоголь мен темекі өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған іс-шара барысында аталған басқарма БҚО экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерімен бірге Орал қаласының екі тұрғынынан 513 блок акцизсіз темекі бұйымдарын тәркіледі.
«Сондай-ақ 33 жастағы тұрғын айдап келе жатқан «Газон» жүк көлігін тоқтатып, тексерген кезде бес литрлік бөтелкелерге құйылған 1 тонна акцизсіз алкоголь өнімі табылды. Оған қоса 36 жастағы тұрғыннан 0,5 литрлік 137 пластикалық бөтелкедегі акцизсіз алкоголь шықты. Қазіргі кезде барлық деректер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да дәрігерлер жол апатынан жарақат алған 5 адамның жағдайы туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Фото: БҚО полиция департаменті
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).