ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысы тұрғынынан есірткі, тіркелмеген мылтық және оқ-дәрі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінің бастығы Сергей Астафьевтің мәлім еткеніндей, аталған қылмыс «Қару» жедел алдын алу шарасы барысында ашылды.
Б. деген тұрғынның мекенжайынан санкцияланған тінту жүргізіліп, тіркелмеген 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 73 дана оқ-дәрі және басқа оқ-дәрі жасауға арналған ыдыс-заттар табылды.
«Мекенжайдан мылтық пен оқ-дәріден басқа сараптама қорытындысына сәйкес 16,47 грамм кептірілген марихуана шықты», деді С.Астафьев.
Осы оқиға бойынша ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігіне және ҚР ҚК 296-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).