ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов аудандық сотының 11 қазан күнгі үкімімен М. деген тұрғын ҚР ҚК 339-бабына сәйкес айыпты деп танылып, оның 1,6 жылға бас бостандығы шектелді.
Оған қоса БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының талап-арызы толықтай қанағаттандырылып, аталған азаматтан мемлекет пайдасына 11 млн-нан астам теңге өндірілді.
Сот талқысында белгілі болғанындай, М. Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылына қарасты «Бөгет қыстағы» маңынан пакетке салынған 26 дана киік мүйізін тауып алып, өзімен бірге Қазталов ауданы Қошанкөл ауылына алып келіп, заңсыз сақтаған. Содан кейін оны сатып, пайда табу мақсатында Subaru Legacy автокөлігімен Оралға шыққан бетте аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің қолына түскен.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, қазіргі кезде осы сотта киікті заңсыз аулағандардың ісін қарау жалғасуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).