БҚО: «Зенит» зауытының жұмысшылары өндірістің өркендеуін Елбасымен байланыстырады - ФОТО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 13 наурыз күні «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-да жұмысшылар «Нұр Отан» партиясы XVI съезінің ҚР Президенттігіне Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауға қатысу туралы шешімін қызу қолдайтындықтарын білдірді.

Жиында зауыт директоры Вячеслав Валиевтің мәлім еткеніндей, аталмыш еңбек ұжымы Елбасы саясатын үнемі қолдап келеді. Өйткені тәуелсіздіктің қаз басқан алғашқы жылдары бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, зауыт қиын жағдайға тап болған кезде бірінші қолдау көрсеткен Президент еді. Содан бері Елбасының тапсырмасына сәйкес Қазақстанның қорғаныс саласы үшін қазіргі заманғы өнімдер шығару жүйелі жолға қойылды. Әсіресе, Каспий теңізінде ел шекарасын қорғайтын кемелерді «Зенит» зауыты құрастыратынын бүкіл ел біледі. Күні бүгінге дейін 22 тез жүретін катерлер мен кемелер шығарылып, олар өз қызметін атқаруда. Алдағы уақытта кеме жасау бағдарламасына қатыса отырып, өндіріс жетілдіріле түсетін болады. Зауыт су ығыстырылымы 600 тоннаға дейінгі кемелерді жасауға дайын. Бұл, екінші жағынан, жұмыс орындарын сақтап, жалақыны уақтылы төлеуге мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын зауыт жұмысшылары Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің Қазақстан Республикасы Президенті сайлауын өткізу жөніндегі үндеуін қолдап, Елбасының атына алдағы Президент сайлауына өз кандидатурасын ұсыну жөнінде хат жолдаған болатын. Съезде ел азаматтары мен еңбек ұжымдарынан осындай хаттардың көптеп түскенін жеткізген Елбасы алдағы сайлауға түсуге келісім бергенін айтты. Мұны «Зенит» зауытының жұмысшылары да үлкен қуанышпен қабылдап, алдағы уақытта да Қазақ елінің өркендеуі Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруына байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен президенттік сайлауды өткізуге қатысты қоғамдық штаб құрылғанын мәлімдеді. Штабтың жұмысына тек «Нұр Отан» партиясының ғана емес, оған тілектес қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің, өзге де саяси партиялардың өкілдері қатыспақ. Штаб жұмысына ешқандай партияда жоқ және өздері ықылас білдірген еріктілердің де белсенді қатысуына мүмкіндік бар. Осындай штабтар «Нұр Отан» партиясының аудандық бөлімшелерінде де ашылып, жұмыс істейтін болады.