БҚО: Жаңақала ауданында кадастрлық құны 33 млн. астам теңге тұратын 8938 га жер пайдаланылмаған

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңақала ауданы прокуратурасы тексеріс барысында 13 шаруа қожалығына қарасты кадастрлық құны 33 млн. астам теңге тұратын 8938 га ауыл шаруашылығы жерінің екі жылдан астам уақыт бойы мақсатына сәйкес пайдаланылмай отырғандығын анықтады.

Аудан прокуроры Арман Қабановтың айтуынша, қазіргі кезде аталған жер телімін арнайы жер қорына қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар аудан прокуратурасы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бөлінген бюджеттік қаржының жұмсалуын тексерді. Аталған бағдарламаға сәйкес Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылының кейбір көшелеріндегі үйлердің абаттандыру жұмыстары бойынша ауылдық округ аппараты мен «СаянСтройСервис» ЖК арасында екіжақты келісім-шарт жасалған. Тексеру барысында мердігермен жұмыстың толық көлемде атқарылмағанына қарамастан, қаржы түгелдей төленген. Жаңақала ауылдық округінің әкімі Е.Танзеновке қатысты лауазымын асыра пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласында «Қамыс-Самар» қоғамдық қорының заңсыз қызметі жария болды. 2015-2016 жылдары аудан әкімдігінің лауазымды қызметкерлері түрлі мәдени іс-шараларды өткізу үшін қордың есепшотынан қаржы алып, жұмсаған. Қордың есепшотына кәсіпкерлердің демеушілік көмегімен қатар аудандағы бюджеттік мекемелер қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударған. Алайда 2015 жылы түскен қаражаттың басым бөлігі қоғамдық қордың жарғысына сай келмейтін іс-шараларға кеткен. Аудан прокуратурасының ұсынысы негізінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі БҚО-дағы әдеп жөніндегі кеңесінің ұсынымы бойынша мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін аудан әкімінің орынбасары Д.Закарин, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Е.Меңдіхан, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Б.Қарағойшин аудан әкімінің өкімімен қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Биылғы сегіз айда сол секілді алаяқтық бойынша 4 қылмыс тіркелді. Соның ішінде «Жаңақала ет» кәсіпорнының директоры С.Тілеуғалиевтің заңсыз субсидия алу жолымен 24,3 млн. бюджет қаржысын жымқырғаны әшкереленді. Тергеу барысында С.Тілеуғалиев кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды мемлекет пайдасына толықтай өндірді. Аудандық соттың үкімімен ол шартты түрде 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.