БҚО: Жаңақалада Бейбітшілік ескерткіші мен Даңқ мемориалы ашылды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңақала ауданы орталығы - Жаңақала ауылында қос бірдей ескерткіш орнатылды.

Аудан орталығындағы саябақта Бейбітшілік ескерткіші ашылды. Құны 5 млн. теңгеге бағаланған ескерткіштің авторы - оралдық мүсінші Рафаэль Шамсутдинов. Биіктігі 8 метр ескерткіште қанқұйлы соғыстан жарын, баласын, бауырларын күтіп, сәбиін бауырына басып, оң қолымен бейбітшілік белгісі саналатын көгершін құсын ұстап тұрған азалы ананың бейнесі көрініс тапқан.

М.-С.Бабажанов атындағы көше бойындағы «Жастар» саябағында Даңқ мемориалы бой түзеді. Оның қос қанатында Жаңақала ауданынан шыққан Социалистік Еңбек Ерлері, Батырлар, түрлі мемлекеттік награда иегерлері, ақын-жазушылар және аудан, облыс, республика көлемінде басшылық қызмет атқарған қайраткерлер мен спорт шеберлерінің есімдері жазылған. Ортасында ақындардың елі екенін айқындап тұрған қаламұшты стелла және күйшілер мекені екенін білдіретін қасиетті домбыра бейнеленген. Даңқ мемориалын мердігер «АБК Порднес» ЖШС құрылыс компаниясы 5 млн. 396 мың теңгеге тұрғызды.

Аудан әкімі Лавр Хайретдиновтің айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында аталып өтілгеніндей, «Мәңгілік ел» атану үшін тарихты ұмытпай, өлкеде өрнекті із қалдырған тұлғаларды қастерлеу - парыз. Бұл - ауданда соңғы жылдары қолға алынған жұмыстардың жалғасы. Осыған дейін күйші Мәмен, оның мұрасын жалғастырушылардың бірі, ҚР халық әртісі Тұяқберді Шәмеловке кесене орнатылса, күй астанасы атанып кеткен Жаңақала ауданы орталығындағы мәдениет үйі алдында Құрманғазы, Дина, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов сынды атақты домбырашылардың мүсіндері қойылды. Оған қоса Көпжасар ауылындағы Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептің ауласында күй анасының ескерткіші еңсе тіктеді. Сондай-ақ Бөкей ханның осы араға аялдап, көшкені жөнінде, Тастөбе шайқасына арналған ескерткіш белгілер де бар.

Айта кетейік, Бөкей мен Жәңгірдей хандардың, Исатай мен Махамбеттей батырлардың іздері қалған Жаңақаладан кеңес дәуірінде төрт бірдей Кеңес Одағының Батыры, 18 Социалистік Еңбек Ері, басқа да көптеген танымал тұлғалар түлеп ұшқан.