БҚО: «Жарқын болашақ» үздіктері республикалық кезеңге жолдама алды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған VІІІ республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңі қорытындыланып, үздіктер ақпан айының соңында Атырау қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың айтуынша, «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отырған байқау негізінен өзге ұлт өкілдері балалары арасында мемлекеттік тілді насихаттауды көздейді. Олимпиада жеңімпаздарын облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева құттықтап, оларға білім басқармасы атынан дипломдар мен тарту-таралғылар табыс етілді.

Республикалық кезеңде облыстық сайыста «Әнші бұлбұлдар» бағыты бойынша үздік шыққан Тасқала ауданы «Сәулет» мектеп-гимназиясынан келген Әлихан Қабділманов, өзге ұлт өкілдері арасынан жаңақалалық, Ә.Жангелдин атындағы мектептен Сиғватолла Ешкаев, «Сөз шеберлерінен» бірінші орынды иеленген тағы бір жаңақалалық Иса Мұратов пен облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицейінен Адам Петри, «Жазушылардан» жеңімпаз атанған оралдықтар, №42 «Ақ ниет» гимназиясынан Аружан Ізтелеуова мен қазақ-түрік лицейінен Оздемир Осман, «Тілші-әдебиетшілерден» озған сырымдық Торғын Жонисова мен Оралдағы №28 мектептен Виктория Чикибаева, «Жас ғалымдардан» топ жарған тағы бір оралдық, №38 мектеп-лицейден Айдарбек Төлегенов пен қазталовтық, Ғ.Молдашев атындағы мектептен Наташа Фарит сынға түспекші.