ОРАЛ. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Университет аруы - 2013» байқауы мәреге жетті.
Сайыс таныстыру, өнер көрсету, сұрақ-жауап, сахнада жүру мәдениеті, сән үлгісін көрсету сынды кезеңдерден тұрды.
Байқау қорытындысында бас жүлдені политехникалық факультеттің ІІ курс студенті Әйгерім Ғарипуллина жеңіп алды. Экономика және бизнес факультетінің І курс студенті Әсем Дәулеткереева - бірінші, ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің намысын қорғаған Самал Құсайынова екінші орынды еншіледі. Қалған арулар түрлі аталымдар бойынша марапатталды.
Шара барысында «Құлсары» тобы, «Жас қанат» республикалық байқауына қатысқан Бақытжан Орақаев және университет әншілері өнер көрсетіп, кеш шырайын аша түсті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).