БҚО жолдарының сапасын тексерген кезде 250-ден астам ақау анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалы жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында салынып жатқан жолдардың сапасын тексерді.
Филиал директоры Рафис Зинетовтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, мамандар биылғы тоғыз айда 418 рет жолға шықты.
Рафис Радикұлының сөзіне қарағанда, жол-құрылыс материалдарынан 1 352 сынама алынып, соның 404-і нормативтік құжат талаптарына сәйкес келмеді.
- Оған қоса 252 ақаулық анықталып, ескерту жасалды. Қазіргі кезде соның 228-і жойылған жоқ, жұмыс үстінде. Жалпы, облыс жолдарында 80 жоба жүзеге асырылуда. Солардың бәрінде мамандар болып, тексерулер жүргізді. Ақаулықтар бойынша қатынас хатты тапсырыс берушілерге жібереміз. Олар тиісті шара қолданады, – деді Р.Зинетов.
Оның айтуынша, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК биыл сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Бәйтерек, Тасқала, Шыңғырлау және Бөкей ордасы аудандарында 1 400-ден астам шақырым жолдың құжаттандыру жұмыстарын атқарды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тендерді жеңіп алған депутаттың компаниясы жол салмай отырғанын жазған едік.