Облыс прокурорының міндетін атқарушы Тәжиден Наймановтың атап өткеніндей, өңір жолдарындағы апат деңгейінің жоғарылығы өзекті де өткір мәселелердің бірі болып қалып отыр. Жыл сайын жолдарда жүзге дейін адам қаза табады, жарақат алатындар одан да көп. Прокуратура бұл мәселені бірінші рет көтеріп отырған жоқ. 2015-2016 жылдары барлық мемлекеттік органдардың, жолаушы тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың, автомектептердің қызметіне қатысты кең ауқымды прокурорлық тексерулер жүргізіліп, жолдарда бірлескен рейдтер ұйымдастырылды. Көптеген заңбұзушылықтар мен кемшіліктердің беті ашылып, сол бойынша 2016 жылдың сәуірінде облыс прокуратурасының алқа мәжілісінде арнайы мәселе қаралып, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар мен ұсынбалар берілді. Соның нәтижесінде 2016 жылдың қорытындысы бойынша соңғы жылдар ішінде алғаш рет жол-көлік оқиғалары мен одан жарақат алғандардың саны азайды. Биылғы алты айда жол-көлік оқиғалары 19, одан мерт болғандар саны 40 пайызға кеміді. Алайда жағдай түбегейлі жақсарды деп айту қиын. Жол апаттары жөнінен БҚО бойынша деректер республикалық орта көрсеткіштен жоғары, былайша айтқанда, өңір алтыншы орында тұр.
Облыс прокуратурасының басқарма бастығы Жаннұр Ахметбектің сөзіне қарағанда, жол-көлік оқиғаларының болуына жолдың нашарлығы, көлік жүйесінің талапқа сай дамымауы, жол қозғалысына қатысушылар мәдениетінің төмендігі, жолаушы тасымалдаудың дұрыс ұйымдастырылмауы, заңсыз тасымалдаушылар қызметі, мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмысының жеткіліксіздігі әсер етуде. Мысалы, БҚО-да жолды күтудің кешенді көрсеткіші республикалық маңызы бар жолдарда 78, облыстық жолдарда 34 пайыз ғана болып отыр. Яғни жол күтіміне жеткілікті қаржы бөлінбейді. Жыл сайын облыс жолдарын ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстауға норматив бойынша 4 млрд. теңгенің орнына 400 млн. теңге (13 пайыз) бөлінеді. Республикалық жолдар бойынша да талап сақталмайды. Жеткілікті қаржы бөлінбеуі салдарынан республикалық жолдарда 366, облыстық жолдарда 301 қауіпті учаскелер пайда болды. Мұның соңы қайғылы оқиғаларға соқтыруда.
Айталық, биылғы 2 маусымда Подстепный-Федоров-РФ шекарасының 77-шақырымында қос автокөлік соқтығысып, 4 адам қаза тауып, 9-ы түрлі жарақат алды. Облыстық ішкі істер департаменті бұл араның қауіптілігі жөнінде 2016 жылдың көктемінде қатынасхат түсірген болатын. Әйтсе де жөндеу жұмыстары Подстепный ауылынан әрі қарай биылғы мамырда ғана басталып, аталған учаскеге жеткен жоқ.
Тағы бір атап өтетін жайт, жол-көлік оқиғаларының 90 пайыздан астамы жүргізушілердің кінәсінен жасалады. Жүргізушілер рульге мас күйінде отырады, белдік тағынбайды немесе телефонмен сөйлеседі. Жүргізушілердің жауапсыздығынан биылғы алты айда автобус дөңгелегінің астына түсіп, қаза болғандар саны өткен жылды тұтастай алғандағыдан үш есеге көбейіп кетіп отыр. Мұны тек полицияның күшімен шешу қиын, жүйелі шаралар керек. Мысалы, Оралда жолаушылар көлігі қозғалысының сұлбасы 15 жылдан астам уақыт бойы өзгермеген. Жолаушыларды заңсыз тасымалдаушылардың көбеюі де отқа май құя түсуде.
Осы деректерді ескере отырып, отырыста «Қауіпсіз жол» жобасы таныстырылды. Ол 2018 жылдың аяғына дейін жүзеге асырылуы тиіс 30 нақты шарадан тұрады. Үйлестіру кеңесі мақұлдаған аталмыш жоба бекіту үшін облыс әкіміне жолданатын болды.
19:30, 11 Тамыз 2017
БҚО жолдарында биыл 37 адам көз жұмды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биылғы жеті айда облыс жолдарында 37 адам көз жұмды. Бұл туралы облыс әкімінің міндетін атқарушы Арман Өтеғұловтың қатысуымен өткен жол қозғалысының қауіпсіздігі мәселелеріне арналған заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыспен күресті қамтамасыз ету жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.